О нас

82 жылдық тарихы бар Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театры өз шымылдығын 1934 жылы қыркүйек айында ашқан.

Бай тарихқа ие кәсіби театрымыз алғашқы қадамынан-ақ киелі сахнада халқымыздың өшпес тарихын, мәдениетін, тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін насихаттап, көрнекті тұлғаларымыз образдарын тірілдіріп, отансүйгіштік, ұлттық рух, ұлттар арасындағы достық, ізгілік, адамгершілік, сезімдерін күшейту жолында көрермен жүрегіне жол тартып, мәдениетіміздің алтын бесігіне айналды.

Ұйғыр театры өзінің даму жолында көпұлттық Қазақстан халқының өнерімен тығыз байланыста кәсіби ұжым болып қалыптасып, ұлттық драматургиямен бірге басқа халықтар драматургиясы арқылы барша адамзатты ойландыратын жаһандандыру мәселелерін ортаға алып шықты.

Театр тарихының беттерінен оның іргетасын қалауда баста тұрған А.Шамиев, С.Саттарова, М.Семятова, Р.Илахунова, М.Бакиев, Ж.Асимов, Ғ.Жалилов, Х.Илиева, М.Зайнавдинов, А.Супиев, Р.Тохтанова, А.Акбаров, Ғ.Кадирхажиев, сондай-ақ қалыптасып гүлденуіне зор үлес қосқан А.Ахмадий, Қ.Абдурасулов, К.Закиров, Т.Бахтыбаев, Н.Маметова, З.Акбарова, Х.Жалилова, Й.Сайитов, З.Сетеков және тағы да басқа үнемі құрметпен аталатын көптеген ардагер өнерпаздардың есімдері орын алған.

Кәсіби театр өнеріміздің дамуына әр жылдарда А.Ибрагимов, В.Азимов, А.Марджанов, В.Дьяков, А.Исмайилов, А.Рахимов, Ә.Мәмбетов, С.Башоян, Б.Омаров, Қ.Жетпісбаев, Мен-Ден-Ук сияқты режиссерлер, Д.Мацуцин, Б.Ерзакович, А.Поливанов, М.Иванов-Сокольский, Л.Хамиди сияқты композиторлар, Тамара ханум, Х.Насырова, С.Майқанова, Х.Букеева сияқты өнер тарландары өздерінің көмектерін көрсеткен.

1967 жылдан бастап Ұйғыр музыкалық драма театры «Ұйғыр музыкалық комедия театры» деп атала бастады.

1984 жылы Қазақстан өнерін дамыту жолында қол жеткізген шығармашылық табыстары үшін Ұйғыр театры «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

2002 жылы театр өз маусымын қайта жөнделген жаңа ғимаратта ашу мүмкіндігіне ие болды. Ғимараттың ашылу салтанатына еліміз Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, тек ұйғыр театрын ғана емес, Қазақстанда өмір сүріп жатқан барша халықтардың өнеріне жоғары бағасын берді және театрларды ең алдымен бейбітшілік, халықаралық келісімді сақтау жолында қызмет етуге шақырды.

Шығармашылық жолын «Көк көйлектер» көркемөнерпаздар ұйымынан бастаған Ұйғыр театры Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда жоғары кәсібилікке жетіп, өнердің барлық жанрларын дерлік дамытуда. Театр сахнасында жоғары трагедияны да, опереттаны да, драма және комедияны, экспериментальді қойылымды және фольклорды, би өнерін және заманауи эстраданы көруге болады.

Театрдың негізі драма труппасы болып, оның репертуарынан әлем классиктері У.Шекспир, Ж.Б.Мольер, Лопе де Вега, Гольдони, Н.В.Гоголь, А.П.Чехов, Н.Погодин, Ч.Айтматов, У.Голдинг, Х.Х.Ниязи, М.Карим, В.Дельмар, У.Гаджибеков, Б.Васильев және заманауи авторлар М.Байджиев, Ш.Башбеков, И.Зайниев және т.б. шығармалары орын алған.

Театр ұжымы өз көрермендеріне еліміздің және әлем классикасының ұлы туындыларын таныстырумен бірге ұлттық драматургияны қалыптастырды. Ата-бабалар мұрасын сақтап келе жатқан театр ұжымы бүгін де көрермендерімізге әр түрлі жанрдағы сахна шығармалары арқылы үлкен рухани нәр бағыштап келеді.

Кейінгі он жылда театр репертуарынан Қ.Мансуровтың «Омар Мухаммадий», А.Ахметовтың «Африкалық күйеу», И.Ғайып, Ш.Шаваевтің «Қашғария», М.Кебиров, И.Жалилов, Қ.Абдурасуловтың «Ипархан», М.Абдурахманов, М.Изимовтың «Аманнисахан», М.Зулпикаров, Г.Насированың «Лутпулла», А.Гулиевтің «Мирас моншақ», «Сырлы кітап», А.Ашири, КАбдурасуловтың «Идикут», Т.Юнус, Г.Насированың «Гүлдаста», Д.Машурова, М.Ушуров, М.Изимовтың «Ана мирасы», Ю.Мухлисовтың «Қос жұлдыз», А.Самсақовтың «Баянчур», А.Аширидің «Жалғыз жалбыз», З.Қадирийдің «Ғунчам», Д.Машурованың «Тағдыр сынағы», Г.Насированың /Т.Тохтамовтың романы негізінде/ «Назугум», А.Ахметовтың «Махмут Қашқарий» сияқты жаңа қойылымдардың орын алғаны ұлттық драматургиямыздың табысты дамып келе жатқанының бір көрінісі болып табылады.

Бұл киелі шаңырақ талантты актер, режиссер, композитор, ақын-жазушылар мен қылқалам шеберлерінің басын біріктіріп, шығармашыл адамдар біріге ұйғыр ұлттық өнерінің дамуына үлкен үлес қосып келеді. Осындай шығармашыл бірліктің нәтижесінде Ұйғыр театрының сахнасында Садыр Палван, Махмут Қожамияров, Назугум, Омар Мухаммадий, Ипархан, Аманнисахан, Лутпулла, Билал Назим, Абдулла Розыбакиев, Барчуқ Артекин, Баянчур, Махмут Қашғари, Жүсіп Хас Хажип сияқты тарихта өшпес із қалдырған жарқын тұлғалар образдары сомдалды. Бұл жерде театрымызда өзінің еңбек жолын бастаған Е.Жалилов, Д.Садирова, Ғ.Хамидуллаев, Ш.Шаваев, А.Ахметов сияқты кәсіби ұйғыр режиссерлерінің жұмысын бүгінгі күнде табысты жалғастырып келе жатқан драма тобының жетекшісі, Қазақстан Республикасының қызмет көрсеткен қайраткері Я.Шамиев, М.Изимов, А.Искандеров сияқты режиссерлердің үлесі зор.

Театр репертуарынан қазақ драматургиясының шығармаларына әрқашан орын беріліп келеді. Өткен ғасырдың 30 жылдары Ғ.Мүсірепов театрға өзінің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасын алып келгеннен басталған бұл дәстүр, кейінірек М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, Ш.Құсайынов, Қ.Шаңғытбаев және тағы басқалар шығармаларына жол ашып берді. Екі халықтың өнердегі достығын бүгін С.Балғабаев, Иран Ғайып, Ә.Тарази, И.Сапарбай, Ә.Оразбеков, Б.Мұқай шығармалары жалғастыруда.

Драма труппасы қажырлы еңбегінің арқасында жемісті нәтижелерге жетіп, көптеген халықаралық және республикалық фестивальдерге қатысып, лауреат аталып келеді. Олардың қатарында Я.Шамиевтің «Табыт», А.Цагареллинің «Ханума», Ә.Таразидің «Махамбет», Ш.Башбековтың «Тағдыр есігі», А.Аширидің «Идикут», «Жалғыз жалбыз», Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағаш», Т.Юнус пен Г.Насырованың «Гүлдаста», Д.Машурова, М.Ушуров, М.Изимовтардың «Ана мирасы» спектакльдері бар.

Театр ұжымы өзінің бүкіл шығармашылық қызметі жолында тек қана ұйғыр халқының мәдениеті мен өнерінің орталығы болмай, еліміздегі жетекші театрлармен бір қатарда жақын және алыс шетел көрермендерінің махаббаты мен құрметіне бөленіп келеді.

82 жылда Ұйғыр театрынан сахна шеберлерінің үлкен әулеті жетіліп, Қазақстан халық артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген артісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атақтарын алу мәртебесіне ие болды. Театрдың даму үрдісінде бір қатар артістер, режиссерлер, суретшілер, композиторлар Қазақстан Республикасының орден, медальдарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Олардың қатарында театрдың негізін салған өнер майталмандарының жолын үлкен мақтанышпен жалғастырып келе жатқан өнер жұлдыздары М.Ахмадиев, Р.Саттарова, Р.Махпирова, А.Акбарова, Г.Саитова, М.Маметбакиев, А.Кадыров, А.Айсаев, Қ.Именов, Я.Шамиев, М.Дараев, М.Изимов, Д.Ахмадиева, Б.Ахмадиева бар.

Театр әкімшілігі ұжымды дарынды жастармен қамтамасыз ету үшін жоғары және орта білім өнер ордаларында мамандар дайындауға көңіл бөліп келеді. 1983 жылы театрға А.Н.Островский атындағы Ташкент өнер және көркем сурет институтын бітірген бір топ талантты жастар /П.Даутов, Г.Насирова, А.Искандаров, З.Насирдинова, С.Сонуров, Р.Хамраева, Г.Тохтибақиев, Ж.Аметова, С.Машрапова/ қосылған болса, кейінгі жылдары театрдың шығармашыл ұжымы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған білімді жастармен толықтырылып, олар өздерінің жан-жақты талантын сахнада көрсетіп келеді.

Бүгінгі күнде театрда драма труппасынан басқа «Нава», «Рухсара», «Яшлык», «Сада» ансамбльдері жұмыс жүргізіп келеді.

Театрдың шығармашылық тәжірибесі, оның 82 жылдық тарихы шығармашылықтағы жемісті жолдарды белсенді іздеумен айналысып жатқанының жарқын көрінісі болып табылады.

2016 жылдың желтоқсан айында еліміз Президенті Н.Назарбаевтың қаулысымен театрымыз «академиялық» статусқа ие болды.

Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық Ұйғыр музыкалық комедия театры бұдан кейін де көпұлттық Қазақстанда мейірімділік пен бейбітшілік идеясын насихаттап, ұйғыр халқының мәдениеті мен өнерінің алтын бесігі болып қалады.

Театрдың директоры Р.Токтахунов